БІЗБЕН БАЙЛАНЫС

+7 727 249-98-69

+7 727 249-71-41

ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры. Осы себептен де, білімдер жиынтығы болып саналатын энциклопедиялық басылымдардың маңызы барған сайын арта түспек. Бұл орайда, келер жылы өзінің жарты ғасырлық тойы күтіп тұрған «Қазақ энциклопедиясы» баспасының еліміздің рухани өміріне қосып келе жатқан үлесі қомақты, алда берері одан да салмақты дер едік. Кезінде қалың оқырман қауымға он томдық «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясын, одан бері де 2 томдық «Қазақстан ғылымы», 5 томдық «Қазақстан табиғаты», 3 томдық «Балалар энциклопедиясы», ауған соғысының батырлары мен ардагерлеріне  арналған «Даңқ», қазақ халқының отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық күресінің шежіресі іспетті «Қазақ көтерілістері», сондай-ақ баспа ұжымының шығармашылық күшімен тұңғыш рет жинақталып жарық көрген «Қаныш Сәтбаев, «Абылай хан» тұлғалық энциклопедияларын сыйға тартқан баспа, соңғы бірнеше жылдан бері жеке авторлардың кітаптарын да шығарып келеді. Олардың ішінде Қадырғали Жалайыридың «Жамиғ-ат тауарих» сөздігі, академик-ғалымдар М.Қозыбаевтың 7 томдығы, З.Қабдоловтың 5 томдығы бар. Осы қатарда өткен жылы белгілі қаламгерлердің 13 томнан тұратын 10 аталым кітабы жарық көріп, еліміздің кітапхана сөрелерінен орын алды. Мысалға, Қожа Ахмет Иасауидің «Көңілдің айнасы», академик С.Қирабаевтың «Өмір тағылымдары», Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Қ.Мұханбетқалиұлының 4 томдық «Шығармалары», Қ.Сейітұлының «Пайғамбарлар тарихы» секілді кітаптарды атауға болады.

Баспа ұжымы авторлармен тығыз байланыс орнатып, өздері шығарған кітаптардың насихатталуына да көңіл бөледі. Осындай игі шаралардың бірі ретінде, «Қазақ энциклопедиясы» баспасы жуырда (17.6.2016) өздері соңғы жылы шығарған жаңа кітаптардың тұсаукесерін өткізді. Тұсаукесер рәсімін ашқан баспа басшысы, философия докторы Ж.Н.Тойбаева авторларды жаңа кітаптарымен құттықтап, оларға шығармашылық табыс тіледі. «Қазақ газеттері» ЖШС-ның президенті, белгілі журналист Ж.Кенжалин және басқа адамдар авторлар мен баспа ұжымына жылы шырайлы тілектестік білдірді. Тұсауы кесіліп отырған кітаптар туралы да пікірлер айтылды. Солардың бірі – дүниеден өткеніне бірер жыл болған белгілі қаламгер Садықбек Хангелдиннің «Керуен» жинағы. Бұған, негізінен, автордың әр жылдары жазылып, мерзімді басылымдарда жарық көрген мақала, эссе, очерк, ой толғаныстары енген, бұлардың бірсыпырасы сиясы әлі кебе қоймаған соңғы жылдар еншісіне тиесілі. Автор «Рухани патшалық» эссесінде «Сыр бойы» газетін – «Менің рухани патшалығым, саяси сауатымның қайнар көзі, көзқарасымның қозғаушы күші» деп атаса, келесі бір мақаласын («Түркістан» газеті, 1 желтоқсан, 2005 жыл) Алаш арыстарының бірі Міржақып Дулатовты еске алуға арнайды. Дулатов шығармашылығының насихатталуы мен зерттелуін де сөз етеді. «Өткенге тағзым – бүгінге тағылым» дегендей, автордың алаш арысына деген бұл құрметі құптарлық. Баспа да, «өзі жоқтың көзі жоқ» демей, автордың мұрасына өте ыждағаттылықпен қараған.

Белгілі жазушы, жасы сексеннің сеңгіріне көтерілген Досан Жанботаның қос томдығы оның мерейтойлық көңіл күйімен дөп келіп, айтарлықтай сый болған. Бірінші томға «Жер иесі» атты жаңа романы, еншісіне бұрынғы жинақтарына шыққандарымен қоса, мерзімдік басылымдарда жарық көрген жаңа шығармалары енген. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қ.Мұханбетқалиұлының орыс тілінде жарық көрген (ауд. Григорий Пряхин) «Тяжкие времена» романында отаршылдыққа қарсы күрескен ұлт-азаттық қозғалысының батыры әрі көсемі Сырым Датұлының және оның соңынан ерген қазақ халқының ерлік бейнесі сомдалған. Сыралғы сықақшы Көпен Әмірбектің «Батпанқұйрық» кітабы сатиралық повесть, әзіл-әжуа, скетч, интермедия, мысал-мысқыл, қағытпа-қалжың, фельетондардан құралған. Белгілі журналист, жазушы Жақыпжан Нұрғожаның «Бір жұтым күн» жинағына автордың әр жылдары алуан тақырыпта жазған әңгімелері мен мақала, очерктері, публицистикалық ой толғаныстары топтастырылған.

Бір айта кететіні, аталған кітаптардың барлығы да Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» кіші бағдарламасы бойынша жарық көрген. Мұның өзі мемлекетіміздің рухани саладағы сарабдал саясатының бір көрінісі екені сөзсіз. Сондай-ақ кітаптардың мұқабасынан бастап, техникалық безендірілуі олардың ішкі мазмұнын аша түсіп, оқырманның ықылас-ілтипатын тудыратынын да айту орынды. Бір сөзбен айтқанда, бұл тұсаукесер «Қазақ энциклопедиясы» баспасының да бір жылдық еңбегінің айтуға тұрарлық айшықты бір есеп беруіндей ерекше бір есте қаларлық шара болды.

Тұғырлы баспа өткізген тұсаукесер

Тойбаева Жадыра Нурбаевна

Бас редакторға жазу

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІ

БІЗДІҢ СЕРІКТЕСТЕР

сайт aisit.kz компанияда әзірленді және қорғалған

ҚР, Алматы қ. 

8 мкр. 19 үй 

e-mail: kazenc@mail.ru 

Введите ваши данные и мы обязательно вам перезвоним

НАПИСАТЬ РЕДАКТОРУ